Ойынқұмарлықтың (лудомания) қоғамдағы қауіп
Бабаларымыз: «Ойынға ойсыз құмар», – деп текке айтпаса керек. Өткенімізге үңілсек, құмар ойнау деген атау қазақ ұғымында болған емес. Бұл – бүгінгі қоғам дерті. Ойынқұмарлықтың (лудомания) қоғамдағы қауіпті құбылысқа айналып келе жатқаны көпшілікті қынжылтады. Ересектер де, жастар да ойын құрығына ілігіп, оңай ақша табамын дегендер опық жеп жүр, адамдар арасында оңай олжаға тап болғысы келетіндер өкінішке орай, әлі де болса кездеседі. Бұл қауіпті кеселден аулақ болудың, одан сақтанудың, жақын-жуықтарымызды қорғаудың жолдары қандай? Бүгінгі Жезқазған гуманитарлық колледжінде өткен кездесу осы мәселеге арналды.
Кездесуді Республика партиясының Ұлытау облыстық филиалының маманы С.К.Оңғарбаева ашып жүргізіп отырды. Білім алушылармен өткен кездесуде Ұлытау облыстық психикалық денсаулық орталығының психологы А.А.Ахмедова адамның түрлі ойындарға тәуелді кездегі психологиялық жай-күйі, ондай адамға тән ауытқу белгілері туралы баяндап берді. Өз кезегінде сөз алған ПД ЖПТБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі аға инспектор Е.К.Сердалин жастардың кешкілік мезгілдегі жүріп-тұру уақыты, олардың әкімшілік-құқықтық, қылмыстық құқықтық жауапкершіліктері туралы айта келіп, қала жастарының өмірінен бірқатар деректер келтірді. Кездесу соңында ойынқұмарлықтың қауіпті тұстары мен салдарлары туралы деректі фильм көрсетілді.